Қоғам • 14 Қаңтар, 2026

Мәжіліс депутаты дабыл қақты: Roblox баланың санасына қалай әсер етеді?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Онлайн ойын алаңдарының балаларға ықпалы қоғамды алаңдата бастады. Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Шапақ Үнзилә балалар мен жасөспірімдер арасында кең тараған Roblox платформасының қауіптері туралы мәселе көтерді, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс депутаты дабыл қақты: Roblox баланың санасына қалай әсер етеді?

Депутаттың айтуынша, Roblox күн сайын шамамен 150 млн адамды жинайды. Платформа аудиториясының басым бөлігін кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер құрайды. Осыған байланысты ата-аналар, мұғалімдер және халықаралық сарапшылар алаңдаушылық білдіріп отыр.

«Виртуалды тәуелділік, агрессивті мінез-құлық, шынайы өмірден алшақтау, жасына сай келмейтін контентпен байланыс сияқты қауіптер байқалады. Мұндай факторлардың балалардың психологиялық дамуына әсері ұзақ мерзімді теріс салдарға әкелуі мүмкін», деп жазылған депутаттық сауалда.

Онлайн ойындар нені насихаттап жүр?

Шапақ Үнзиләнің айтуынша, мұндай интернет алаңдарда алаяқтар мен педофилдер де белсенді әрекет етеді. Ол олардың жұмыс тәсілін ерекше атап өтті.

«Алдымен ойын ішіндегі виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіреді. Кейін әңгімені Telegram-ға көшіреді, құпия кездесуге шақырады. Мұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Алаяқтар да осыған ұқсас әрекет етеді. Сыйлық уәде етіп, кейін ата-ананың банк картасының нөмірін және SMS арқылы келген кодты сұрайды», деп түсіндірді депутат.

Халық қалаулысы компанияның балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастырдық деген мәлімдемесіне қарамастан, нақты бақылау мүмкін емес екенін алға тартты. Себебі платформада секундына 50 мыңнан астам хабарлама тарайды.

Осыған байланысты депутат бірқатар сауал жолдады. Атап айтқанда, Қазақстанда Roblox-тың балалар мен жасөспірімдерге әсеріне қатысты арнайы зерттеу жүргізілген бе. Өзге елдердің тәжірибесін ескере отырып, платформаның жұмысын шектеу немесе қосымша бақылау тетіктерін енгізу қарастырыла ма. Сондай-ақ балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай алдын алу шаралары қабылданып жатқаны және Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурада онлайн ойын алаңдары арқылы жасалған алаяқтық, бопсалау немесе өзге де құқықбұзушылық деректері тіркелген бе? деген сұрақтар қойылды.

Онлайн-ойын: Сан соғып қалмаңыз!

Депутаттың бұл бастамасы интернеттегі балалар қауіпсіздігі мәселесін қайта күн тәртібіне шығарып отыр.

Бұған дейін мағынасыз «мемдерге», оның ішіндегі беймазмұн әуендерге қатысты ел ішінде наразылық туған еді. Әсіресе, «Trallallero Trallalla» әуені баланың ғана емес, ересек адамның да санасына кері әсер ететіні туралы дабыл қағылды.

Соңғы жаңалықтар